"QazaqGaz "ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов пен S&P Global төрағасының вице-төрағасы, энергетика саласындағы әлемге әйгілі сарапшы, доктор Даниэл Ергиннің кездесуі өтті. Кездесу жаһандық энергетикалық нарықты дамытудың неғұрлым өзекті мәселелері, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы басты ойыншы ретіндегі рөлі және Еуропа мен Азия нарықтары арасындағы маңызды байланыстырушы буын туралы пікір алмасуға арналды.
Диалог барысында тараптар әлемдік газ секторындағы ұзақ мерзімді үрдістерді, сондай-ақ олардың өңірлік тұрақтылыққа және Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мүмкіндіктеріне әсерін талқылады.
Сонымен қатар, табиғи газдың төмен көміртекті экономикаға апаратын жолдағы "көпір" рөліне ерекше назар аударылды. Даниэл Ергин энергетикалық жүйелерді трансформациялау дәуірінде нарықтың негізгі ойыншылары арасындағы ашық диалог өте маңызды екенін атап өтті. Табиғи газ тек тауар ретінде ғана емес, сондай-ақ, жаңа энергия көздеріне көшуде тиімді әрі негізгі элемент саналып отырғанын жеткізді.
Өз кезегінде Әлібек Жамауов халықты газбен тұрақты түрде қамтамасыз етіп отырған QazaqGaz-дың ұлттық оператор ретіндегі маңызды рөлін атап өтті.
Дэниэл Ергин нарықтық күйзелістерді бағалау кезінде аналитикалық оптимизмнің маңыздылығын атап өтіп, өзінің орын алған жағдайға деген көзқарасымен бөлісті. "Энергетикалық нарықтардың тарихы бізге қысқа мерзімді күйзелістер мен құбылмалылыққа қарамастан, іргелі ұзақ мерзімді болжамдар мен тенденциялар өте маңызды екенін үйретті. Саланың бейімделуі және жаңашылдықты енгізу қабілеті әрқашан оның мықты қасиеті болды. Бүгінгі диалог алдымызда тұрған сын-қатерлер мен мүмкіндіктер туралы жалпы түсініктің бар екендігін растайды",- деді ол.
Кездесу аналитикалық деректер және болжамдармен алмасу үшін сараптамалық диалогты жалғастыру туралы уағдаластықпен аяқталды. Бұл Қазақстанның газ саласын дамыту жолында салмақты стратегиялық шешімдер қабылдауға ықпал ететін болады.