QazaqGaz ұлттық компаниясы 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай, Атырауда салтанатты шара өтіп, сала үздіктері марапатталды.
Салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, QazaqGaz ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов, компанияның еншілес ұйымдарының өкілдері, газ саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Мерекелік іс-шара барысында Әлібек Жамауов еңбек ұжымдарына күнделікті жемісті еңбектері үшін алғысын білдіріп, кәсіпорынның бастауында тұрған ардагерлердің саланы дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті.
“Біз жүріп өткен жолымызды мақтан тұтамыз. Компаниямыздың осылай өркендеп, дамып келе жатқаны қарапайым жұмысшылардың, өндіріс адамдарының арқасы. Барлық қиындыққа төзіп, үйімізде газдың тұрақты болуын қамтамасыз етіп жүрген газ мамандарына мың алғыс! - деді компания басшысы.
Мерекелік жиында сала ардагері мен қызметкеріне мерейтойлық медальдар, алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табысталды.