Астанада отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында QazaqGaz компаниялар тобындағы отандық тауарлардың үлесін кеңейту мәселесі көтерілді. 

Бұған дейін Мемлекет басшысы сатып алуларда отандық тауар өндірушілердің үлесін арттыруқажеттілігін айтып, оффтейк-келісімдер жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, Президент отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісімдер үлесін 10 пайызға дейін арттыру қажеттігін айтты.  

"Президент тапсырмасын орындау аясында QazaqGaz компаниялар тобы биыл 4 млрд теңгеден асатын сомаға оффтейк-келісімдер жасады. Жыл соңына дейін отандық тауар өндірушілермен қосымша 1,3 млрд теңгеге келісім-шарт жасалады", – деді QazaqGaz басқарма төрағасы Әлібек Жамауов. 

Сонымен қатар, QazaqGaz «Самұрық-Қазына» қоры сатып алуларының аясында жасалатын тендерлік процедураларда отандық компанияларға басымдық береді. 

Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қордың отандық өндірушілерінің қатысуымен жасалған сатып алулар көлемі 10,6 млрд теңгеден асты.

Айта кетейік, іс-шара барысында QazaqGaz-дың еншілес компаниялары мен отандық кәсіпорындар арасында бірнеше оффтейк-келісімдерге қол қойылды.