Бейжіңде «QazaqGaz» Ғылыми-техникалық орталығы PetroChina Research Institute of Petroleum Exploration & Development (RIPED) компаниясымен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Құжатқа «QazaqGaz Ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС Бас директорының орынбасары Сәуле Самекина және PetroChina Research Institute of Petroleum Exploration & Development  компаниясының Бас директорының орынбасары Ли Юн қол қойды.

RIPED-пен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі –инжиниринг, ғылыми-зерттеу жұмыстары, сондай-ақ газ саласындағы техникалық стандарттарды дамыту.  Аталған бағыттарға – газды магистральдық тасымалдау, жерастында газды сақтау, коммерциялық бағытты дамыту және тұтынушыға тарату кезінде газды есепке алу үдерістері,  стандарттау саласындағы ғылымның ең үздік тәжірибесін қолдану, газды тасымалдау және тарату кезінде IoT құрылғыларын орнату және т.б мәселелер кіреді.

RIPED өкілдері өзара ынтымақтастықтың мынадай басым бағыттарын белгіледі:

– терең және одан да тұңғиықта орналасқан газ кен орындарын барлау және игеру;

– тақтатас газын/тығыз газды барлау және игеру;

– гидравликалық жару, газ өндіру, геологиялық және гидродинамикалық модельдеу технологиясы мен жабдықтары, керн мен сұйықтықты зерттеудің тәжірибелік әдістерін меңгеру.

Аталған іс-шаралар газ кен орындарын барлау мен игерудегі заманауи тәсілдерді, көмір қабаттарынан метан өндіру технологияларын және газ синтезін бірлесіп зерттеуді қамтиды. Сондай-ақ кен орындарын игеруде заманауи Lidar әдісін және мұнай-газ саласында жасанды интеллектті пайдаланатын Data Science, BigData, BI аналитикалық алгоритмдерін пайдалану жоспарлануда.

Құжатқа қол қойылғаннан кейін Сәуле Самекина  Ғылыми зерттеу орталығымен өзара іс-қимылдағы негізгі бағыт – «жасыл» энергетика саласындағы инновациялық технологияларды дамыту екенін айтты. Осының аясында отандық, шетелдік инвесторлардың, осы саладағы шетелдік ұйымдардың, инвестициялық қорлардың қатысуымен Қазақстан Республикасының аумағында жасыл энергетика саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру көзделеді. Өз кезегінде бұл шаралар – жасыл сутегі саласын дамытуға, зауыттар салу, электр энергиясын өндіру, сутегі жеткізу инфрақұрылымын кеңейту және әлемдегі үздік тәжірибелерді тартуға ықпал етеді.

«QazaqGaz ҒТО» ЖШС Бас директорының ғылым және инновациялар жөніндегі орынбасары Әлібек Мардановтың айтуынша, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді 3D-модельдеу мен 3D технологиялары арқылы басып шығаруды ескере отырып, өндірістік міндеттерді іске асыруға ерекше назар аударылатын болады. «Мұндағы біздің идеямыз – барлық қажетті бөлшектердің дерекқорын әзірлеу арқылы қажетті жабдықтардың  дизайнын және оларды 3D принтерімен қалай жасауға болатынын ойлап табу. Бұл қажет болуы мүмкін кез-келген қосалқы бөлшектерді шығаруға көмектеседі», –деді ол.

QazaqGaz делегациясы 24 қарашада Бейжіңге сапары және RIPED басшылық құрамымен кездесуі аясында Институттағы әріптестерімен бірге техникалық семинарға қатысады. Семинар аясында терең газ кен орындарын барлау және игеру, инженерлік технологиялар және арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету саласындағы жаңашылдықтар оқытылады.

Ал, желтоқсан айында RIPED-пен ынтымақтастық бағыттары бойынша Жол картасына қол қою жоспарлануда.

Айта кетейік, QazaqGaz Ғылыми техникалық орталығы технологиялық саладағы беделді серіктестермен және R&D-орталықтармен ынтымақтастыққа мүдделі. Орталық осы орайда Қазақстанның және шетелдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарымен тығыз нытымақтастық орнатуда.  

Қараша айының басында «QazaqGaz ҒТО» XII Санкт-Петербург қаласында өткен  халықаралық газ форумы шеңберінде ғылыми және инновациялық қызмет мәселелері бойынша «Газпром ВНИИГАЗ» АШҚ-мен меморандум бекіткен болатын. Бұдан бөлек, қараша айының ортасында Италиядағы Baker Hughes University-мен бірлесіп,  Италияда арнайы бағдарламалар бойынша оқыту үшін QazaqGaz қызметкерлері арасынан конкурстық іріктеу өткізді.