Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов «Тассай», «Қайнарбұлақ», «Еламан» шағын аудандарындағы үйлер, сондай-ақ «Тассай» индустриялық аймағындағы кәсіпорындарды газға қосу рәсіміне қатысты.

Жаңа елді-мекендерді газға қосу жұмыстары былтырдан бері жүргізілуде. Жұмыстарың уақытылы аяқталуының арқасында 2024 жылы Шымкенттегі 25 мыңнан астам абонент газға қол жеткізеді. Айта кету керек, құрылысы аяқталған нысандарды газға қосқаннан кейін Шымкентте газдандыру деңгейі 97,4 пайызды құрап отыр. Үйлерді табиғи газға қосу мегапоистің экологиясына жағымды әсер етіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартады.

Сонымен қатар, ұлттық компания басшысы Шымкентке жұмыс сапары аясында газ инфрақұрылымы нысандарын аралады. Тексеру барысында төраға газ тарату станцияларын, магистральдық құбырларды және газбен қамтуға қосылған абоненттердің үйлерін аралады. Жылыту кезеңінде қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Абоненттерге газ жабдықтарын жүйелі түрде тексеру және газды қауіпсіз пайдалану ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ескертілді. Сондай-ақ газ құрылғылары мен желдету жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді уақытылы жүргізу қажет.

Жылыту маусымы жүріп жатыр, бұл газ тасымалдау жүйесіне және газ жабдықтарына жүктеме түсіретіні анық. Осы орайда әрбір абонент газ жабдығын пайдалану ережелерін сақтау және өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жауапкершілік алуы қажет.

«Біздің басты міндетіміз – әрбір тұтынушыны газбен үздіксіз қамтамасыз ету, әсіресе қыста сұраныс артқан жағдайда халықты газбен тұрақты қамту аса маңызды»,-деді Санжар Жаркешов. Сондай-ақ ол энергия тиімділігін арттыру үшін газды үнемді тұтыну қағидаттарын енгізу маңызды екенін еске салды.

Іссапар аясында QazaqGaz төрағасы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековпен де кездесу өткізді. Жиында газбен жабдықтау жүйесін одан әрі дамыту жоспарлары, соның ішінде газ желісін кеңейту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.