QazaqGaz компаниялар тобы көктемгі су тасқындары жағдайында газ инфрақұрылымын қорғау және халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды алдын ала қабылдауда.

Ұлттық компания Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Қостанай облыстарында өткен жылы орын алған су тасқынын ескеріп,  кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті. Бұл жоспар тәуекелдерді азайтуға және ықтимал төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге бағытталған.

Дайындықтың негізгі шаралары:

  • Суы тасуы мүмкін өзендердегі су деңгейін тұрақты бақылау;
  • Тәуекел аймақтарды тексеру және апаттық қызмет персоналын орналастыру үшін арнайы орындарды дайындау;
  • Су басу қаупіне ұшыраған газ инфрақұрылымының учаскелерін анықтау;
  • Апаттық-техникалық бригадаларды құру және қалпына келтіру жұмыстарына қажетті жабдықтармен толықтыру;
  • Су тасқынына қарсы комиссияны қоса алғанда, мемлекеттік органдармен күшейтілген координация;
  • Тәуекел аймақтарындағы газ құбырлары мен нысандардың жағдайын күшейтілген бақылауға алу;
  • Жедел хабарлау және төтенше байланыс жүйесін құру.

Күндіз-түні мониторинг жүргізу және жедел әрекет ету үшін компанияда апаттық-диспетчерлік қызмет жұмыс істейді. Тұрғындар жедел көмек және кеңес алу үшін 104 нөміріне хабарласа алады. 2024 жылы су тасқынынан ең көп зардап шеккен компанияның Батыс Қазақстан филиалы су тасқыны жағдайында жұмыс істеуге толықтай дайын. 

Оның құрамында:

  • Әрқайсысында 4 маманнан тұратын экипажы бар 5 апаттық газ жөндеу машинасы (АГЖМ);
  • 16 апаттық газ машинасы (АГМ);
  • Экскаваторлар, насос қондырғылары, моторлы және ескекті қайықтар, сондай-ақ басқа да арнайы жабдықтар.

Сондай-ақ, басқа өндірістік филиалдар дайындықтарын пысықтады. Қабылданған шаралардың арқасында QazaqGaz халықты газбен қамтамасыз етуде үзілістерді болдырмайды. Дайындық бекітілген регламент пен мерзімдерге сәйкес жүргізілуде.

«QazaqGaz» акционерлік қоғамы мемлекеттік органдармен және жергілікті билікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, елдің газ жүйесінің кез-келген төтенше жағдайларда сенімді жұмысын қамтамасыз етуді жалғастыруда.