Бұл туралы «QazaqGaz Барлау және Өндіру» компаниясының бас директоры Алмас Қуандықов Бұрғылау, техникалық қамтамасыз ету және геофизикаға арналған 1-ші Қазақстандық конференцияда мәлімдеді. Алмас Қуандықовтың айтуынша бүгінде Анабай кен орнын пайдалануға беру бойынша жұмыс қарқынды жүруде.
«Біз аталған кен орнын осы жылдың үшінші тоқсанында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде кен орнында арнайы жұмыстар жүріп жатыр. Бастап өндіру 16 млн текше метрді құрайды, көрсеткішті тиісінше 40 млн текше метрге дейін ұлғайта аламыз. Құрылыс барысында 100-ге жуық жұмыс орны құрылады деп күтілуде», - деді «QazaqGaz Барлау және Өндіру» компаниясының бас директоры Алмас Қуандықов.
Бұдан басқа, Придорожное кен орнында жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылдың соңында Газды кешенді дайындау құрылғысын орнату бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Бастапқы өндіру көлемі жылына 107 млн текше метрді құрайды, одан өсім 300 млн текше метрге дейін жетеді.
Сонымен қатар, QazaqGaz газдың ресурстық базасын арттыру мақсатында, жер қойнауын геологиялық зерттеу және жаңа учаскелерді геологиялық барлау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Ұлттық компания Маңғышлақ, Каспий маңы мен Арал бассейндерінде, сондай-ақ, Ақтөбе облысында тиісті жұмыстарды бастауды жоспарлап отыр. Қазір әлеуеті мықты учаскелер анықталды, ауқымды сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізіледі.