«QazaqGaz» ҰК» АҚ Теміртау қаласындағы «Оң жағалау» шағын ауданын газбен қамту жүйесіне қосу жұмыстарын сәтті аяқтады. QazaqGaz басшысы Санжар Жаркешов бірінші іске қосу кешені екінші кезегінің абоненттері үшін газ беру рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысының өңірлерді газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, газ тарату инфрақұрылымының құрылысы жүргізілуде. 1 және 2 іске қосу кешендерінің екінші кезегі іске қосылғаннан кейін, 1,7 мыңнан астам үй газға қол жеткізеді деп күтілуде.
«QazaqGaz Қарағанды, Теміртау елді-мекендерін және жақында құрылған Ұлытау өңірін белсенді түрде газбен қамтамасыз етуде. Бұл аймақ тұрғындары үшін жайлылық пен экологиялық жағдайды жақсартуға салынған инвестиция ғана емес, экономикалық дамудың драйвері. Біз «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры бойымен газ тасымалдау желісін кеңейтудің инвестициялық мүмкіндіктерін зерттеу бойынша Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен тығыз серіктестікте жұмыс істеуді жалғастырамыз», - деді ұлттық компания басшысы.
Оң жағалау тұрғындары газ желісіне қосыла бастады. Газдандыру ауданның көмірге тәуелділігін азайтады, сондай-ақ, болашақта ластаушы заттардың шығарындыларының деңгейін төмендетеді және экологиялық жағдайды жақсартады.
Сонымен қатар, Санжар Жаркешов пен қала әкімі Ғалым Әшімов Қарағанды облысындағы көгілдір отынға қосылған алты мыңыншы абоненттің үйінде болды. Отбасына Құрмет грамотасы мен естелік сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ, қала тұрғындарына үй жағдайында табиғи газды пайдалану ережелерін сақтау және газ жабдықтарының жағдайын уақтылы тексеру қажеттігі ескертілді.
Апаттардың басым көпшілігінің себебі – мұржада тартылудың болмауы, желдету құбырлары мен саңылаулардың жабық орналасуы, газ құрылғыларында автоматиканың жоқтығы, газ құрылғыларын қараусыз қалдыру, тұрақты техникалық қызмет көрсетуге салғырт қарау. Газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздікке деген бейқам көзқарас кейде қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар, басқарма төрағасы Qarmet зауытын газдандыру жұмыстарының барысымен танысты. Жоба бірнеше негізгі кезеңдерді қамтиды, оның ішінде сыртқы және ішкі газ құбырларын тарту жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жалпы жұмыс көлемінің 60 пайызы орындалды. Айта кету керек, газдандыруға арналған барлық жабдықтар мен материалдар 100% қазақстандық өндірушілерден жеткізіледі.
Келесі жылы зауыттан 25 шақырымда жатқан «Сарыарқа» МГҚ тартылатын газ құбырының құрылысы аяқталады. Бұл зауыт үшін маңызды қадам ғана емес, компания тарихындағы ең ірі экологиялық бастама болмақ.
Qarmet компаниясын газдандыру аймақтағы экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсартады.