QazaqGaz компаниялар тобының қызметкерлері «Жобаларды басқару және кен орындарын барлаудағы тәуекелдерді бағалау» бағдарламасы бойынша мамандандырылған оқудан өтті. Курсты «QazaqGaz» ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС Eni компаниясымен жасалған келісім аясында ұйымдастырды.

Курстың соңында барлық қатысушылар Eni Корпоративтік университетінің сертификаттарына ие болды. Марапаттау рәсімі «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен Eni компаниясының Қазақстандағы басшысы Seger Hoijtink мырзаның қатысуымен өтті.

«Адами капитал – біздің компанияның басты құндылығы. Қызметкерлеріміздің дамуына инвестиция сала отырып, біз жобалардың тиімділігін арттырып қана қоймай, QazaqGaz-дың тұрақты болашағын қалыптастырамыз. Жылдам өзгеріп жатқан энергия нарығында жаңа сын-қатерлерге бейімделу маңызды және бұл үдерісте оқыту табыстың кілті болып табылады», - деді QazaqGaz басшысы.

Курстың негізгі бағыты жұмыс процестерін зерттеу және жобалардың барлау әлеуетін және экономикалық құндылығын бағалау болды. Бағдарлама аясында қызметкерлер жаңа кен орындарының болашағын тиімдірек бағалауға және инвестициялық шешімдерді қабылдау процесін оңтайландыруға мүмкіндік беретін әдістемелерді меңгерді.

Аталған оқу 2024 жылдың 18-19 қаңтарында QazaqGaz бен Eni-дің еншілес кәсіпорны Agip Caspian Sea арасында жасалған ынтымақтастық туралы келісімнің аясында ұйымдастырылды. Келісім ғылыми-зерттеу потенциалды нығайтуға және газ саласындағы технологияларды дамытуға, соның ішінде QazaqGaz қызметкерлерін тағылымдамадан өткізуге бағытталған. Айта кету керек, QazaqGaz басшылығы 2025 жылы кадрларды даярлау бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.