"QazaqGaz "ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында "Интергаз Орталық Азия" АҚ Теміртау желілік-өндірістік басқармасының (QazaqGaz еншілес компаниясы) қызметкерлері үшін салынған жаңа вахталық кешенге барды. Дәл осындай вахталық кешен компанияның Жезқазған желілік-өндірістік басқармасының қызметкерлері үшін салынды. 

Әрбір вахталық кешен учаскесінің ауданы - 10 150 м2, құрылыс алаңы - 1 172,42 м2 құрайды. 

Әр кешеннің құрамына: 

  • 23 қызметкерге арналған әкімшілік-тұрмыстық ғимарат кіреді, ол жұмыс кабинеттері, оқу сыныбы, мұрағат, серверлік кабинет, медициналық персонал кабинеті, рәсімдік кабинетпен жабдықталған; 
  • Тұруға және демалуға, тамақ дайындауға және ас ішуге арналған бөлмелері бар 12 адамға арналған вахталық персоналдың жатақханасы. 

Сонымен қатар, жатақханада заманауи спорттық жабдықтары бар тренажер залы, қызметкерлердің жұмыс киімдерін кептіруге арналған арнайы шкафтармен жабдықталған кір жуу, үтіктеу, кептіру бөлмесі, киім ілгіштері бар душ бөлмелері, қызмет көрсетуші персоналға арналған үй-жайлар, жабдықтар сақтауға арналған бөлмелер және т. б. бар. 

Бақылау-өткізу пунктінің ғимараты "ИСКУД" өткізу жүйесімен, периметрді қорғау жүйесінің заманауи басқару пультімен және бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. 

"Қызметкерлерге қамқорлық жасау, өндірістік нысандарда қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру – QazaqGaz ұлттық компаниясының негізгі қағидаттарының бірі. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарына ерекше қамқорлық жасалуда. Осы заманауи көпфункционалды кешендердің іске қосылуымен біз вахташылардың тұрмыстық деңгейін жаңа деңгейге көтереміз. Ал қолайлы жұмыс орны еңбек тиімділігіне тікелей әсер етеді және барлық өндірістік міндеттерді табысты іске асыру үшін негіз қалыптастырады", – деп атап өтті QazaqGaz басшысы. 

Осылайша вагондар мен жалға берілетін тұрғын үйлердің орнын енді жаңа ыңғайлы вахталық кешендер алмастырды. 

Атап айту керек, әлеуметтік нысандар мерзімінен бұрын, небәрі 7 айда салынды. Құрылыс уақытын қысқарту – заманауи блок-модульдік конструкцияларды қолданудың арқасында мүмкін болып отыр.  Мұндай материалдың функционалдылық әрі жайлылық деңгейі, жылу үнемдеу мен дыбыс оқшаулаудың жоғары дәрежесі, сенімділік және пайдалану шығындарының минималды көлемі мен ұзақ қызмет ету мерзімі сияқты біраз артықшылығы бар.

Сонымен қатар, Әлібек Жамауов Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы жылыту маусымының барысымен танысты. Бұған дейін газ инфрақұрылымына жөндеу жүргізіліп, 50,7 шақырымнан астам газ құбырларына аспаптық тексеру өткізілді. Бүгінде газды қауіпсіз пайдалануға ерекше назар аударылады. ТЖД-мен бірлесіп газды қауіпсіз пайдалану бойынша SMS-тарату ұйымдастырылды, халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жедел әрекет ету үшін филиал автопаркінде толық жабдықталған 16 техника бар. 

Газ қызметкерлері газ жабдықтарын пайдалану ережелерін сақтау - жылыту маусымындағы қауіпсіздіктің негізгі факторы екенін еске салады. Мамандар үй-жайларды үнемі желдетіп тұруды, жұмыс істеп тұрған газ жабдығын қараусыз қалдырмауды және газ иісі тараса немесе кез-келген күдікті ақаулар туралы "104" апаттық қызметіне бірден хабарлау керегін ескертеді.