«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов «Abu Dhabi National Oil Company» (ADNOC) компаниясының  халықаралық серіктестік бойынша Атқарушы вице-президенті Мохаммед Аль-Арьянимен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Түрікменстандағы бірлескен геологиялық барлау жобаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

«Біз ADNOC-пен ынтымақтастықтың үлкен перспективаларын көріп отырмыз және осы саладағы әлеуетті тиімді пайдалануға дайын екенімізді білдіреміз. QazaqGaz ашық және бәсекеге қабілетті шарттарды ұсынуға және әлеуетті учаскелерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге дайын. Бұл қадам екіжақты әріптестікті нығайтуға негіз бола алады», – деді Санжар Жаркешов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы Түрікменстанға ресми сапары аясында QazaqGaz бен Түрікменгаз  арасында газ саласын дамыту туралы стратегиялық келісімге қол қойылған болатын.

QazaqGaz Түрікменстандағы газ кен орындарын, соның ішінде аса алып Галкыныш газ-мұнай кен орнын игеруге қатысуды жоспарлап отыр.

 Анықтама: ADNOC Біріккен Араб Әмірлігіндегі жетекші мұнай және газ өндіруші компаниясы. Әлемде төртінші орында. ADNOC құрлықта да, теңізде де газ кен орындарын игереді.