«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Ұлттық компания басшысы негізгі газбен қамту нысандарын аралап, көгілдір отынмен жұмыс істейтін кәсіпорындарын аралады.

Сондай-ақ, Санжар Жаркешов Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен жұмыс кездесуін өткізіп, өңірді жеделдетіп газдандыру жұмыстарының барысы, оның аясында 7 мыңнан астам тұрғын үйге газ тарту мәселесін талқылады.

Сонымен қатар, QazaqGaz басшысы «Саран» индустриалды аймағында газбен жұмыс істейтін жолаушылар автобустары, жеңіл автокөлік дөңгелектері мен тұрмыстық техника шығаратын бірнеше зауыттарды аралады.

«Газ өңір өнеркәсібінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Газдандыру кәсіпорындарға энергия шығындарын азайтуға ғана емес, сонымен қатар өндірістің экологиялық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ұлттық газ компаниясы ретінде біз қазақстандық өндірісті, оның ішінде жоғары қосылған құнды дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді жасап жатырмыз», – деді Санжар Жаркешов.

Сондай-ақ кәсіпорындар  өкілдері газдың технологиялық циклда негізгі элемент екенін атап өтті. Оны пайдаланудың арқасында индустриалды аймақтағы зауыттар энергия тиімділігінің жоғары деңгейін және тұрақты өндірісті қамтамасыз етеді.

«Егер біз дизельдік отын мен газға төлеген бағаны салыстыратын болсақ, біз өте жақсы үнемдейміз. Газды пайдалану бізге шамамен 10 есе арзанырақ. Өндірісімізді үздіксіз газбен қамтамасыз етіп отырған газшыларға алғыс айтамын», - деді «Silk Road Electronics» ЖШС-нің өндірістік директоры Талғат Абрахманов.

Алдағы жылдары «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы да газдандырылады деп күтілуде, мұндағы газға деген қажеттілік шамамен сағатына 19 мың м3 құрайды.

Сонымен қатар, сапар барысында Санжар Жаркешов «QazaqGaz Aimaq» АҚ өндірістік филиалының ұжымымен кездесті. Филиал қызметімен танысып, Қарағанды қаласындағы өкілдіктің бас кеңсесінде болып, жедел-диспетчерлік қызметтің төтенше жағдайларға дайындығын тексерді.