QazaqGaz ғылыми-техникалық орталығы ұлттық компания басшылығы және геологтар қауымымен есеп беру кездесуін өткізді. «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешовке геология және кен орындарын игеру департаментінің жұмыс қорытындысы туралы баяндалды.

QazaqGaz ҒТО бас директоры Мейір Шералы геология саласындағы ғылыми-техникалық орталықтың мақсаты мен қызметі туралы айтты. Ол геология бөлімі өзінің функционалдық қызметінде басқа ведомстволық бағыныстағы бөлімдердің жұмысын қайталамайтынын, оның мақсаты - компанияның еншілес кәсіпорындарына жобаларды жүзеге асыруға көмектесу болып табылатын хаб қызметін атқаратынын атап өтті.

Атап айтсақ, жаңа кен орындарын барлауға және геологиялық құрылымдарды нақтылауға бағытталған Айрақты-108 және Барханная G-6 ұңғымаларын бұрғылауға геологиялық қолдау көрсету бар. Жерасты газ қоймаларының қуатын кеңейту мақсатында да тарихи кен орындарының деректерін цифрландыру жүргізілуде.

Көмірсутектерді барлау бойынша ірі аймақтардың бірі Шу-Сарысу шөгінді бассейнінің келешегін егжей-тегжейлі бағалау жүргізілуде. Табиғи газды өндірудің табыстылығын арттыру үшін Амангелді тобындағы кен орындарын игеру, оның ішінде өндіру технологиялары мен ресурстарды басқаруды жетілдіру оңтайландырылуда.

QazaqGaz Барлау және өндіру тобымен бірге Анабай кен орнында жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ ғылыми-техникалық орталық КТ-III учаскесіндегі негізгі материалды зерттеумен айналысады және «Шеврон» компаниясымен бірге сейсмикалық мәліметтерді талдауға қатысады.

Сонымен қатар, QazaqGaz кен орындарын игеру саласындағы құзыреттерді арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Негізгі бағыттардың қатарында кен орындарын игеруді жақсарту бойынша ұсынысдар жасау және өндірістің табыстылығын арттыруға мүмкіндік беретін газды өндіруді арттыру жобаларын қалыптастыру бар.

QazaqGaz ғылыми-техникалық орталығы газ саласындағы инновацияларды біріктіретін алғашқы алаң болғанын атап өткен жөн. Ірі халықаралық мұнай-газ компанияларында осындай орталықтар құру өзінің тиімділігін дәлелдеді. Мұндай орталықтар ресурстық базаны ұлғайтуға, қалпына келтірілуі қиын қорларды игеруге және инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жұмыс істеп тұрған кен орындарындағы өндірісті қолдауға көмектеседі.