«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов пен Airproducts компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуардо Менезестің кездесуі өтті. Келіссөздердің басты тақырыбы Қазақстанда газ өңдеу қуаттарын дамыту бойынша әлеуетті әріптестік пен одан әрі ынтымақтастықты талқылау болды.
Кездесу барысында өзін ұзақ мерзімді стратегиялық инвестор ретінде көрсететін AirProducts өкілдері бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.
QazaqGaz басшылығы өз тарапынан Ұлттық компанияның негізгі басымдықтарымен таныстырды. Елдің тауарлық газға деген ішкі қажеттілігін сенімді қамтамасыз ету – компанияның негізгі мақсаты екені айтылды.
QazaqGaz бірнеше жаңа газ өңдеу өндірістерінің құрылыс операторы ретінде диалогқа ашықтығын және жаңа бастамаларды қарауға дайын екендігін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап елдің газ инфрақұрылымын дамытуға бағытталған серіктестіктің пайдалы және өзара тиімді моделін қалыптастыру үшін барлық мүмкіндіктерді зерделеуді жалғастыруға келісті.