"QazaqGaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов және CNCEC Директорлар кеңесінің төрағасы Мо Дингэ Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) салу жобасын іске асыру жөніндегі алдағы қадамдарды талқылады.
Келіссөздер QazaqGaz делегациясының Пекин қаласындғы жұмыс сапары аясында өтті. Тараптар жобаның қазіргі мәртебесіне, негіздік жобалауды (FEED) аяқтауға және EPC келісімшарт кезеңіне өту дайындығына баса назар аударды.
Қашағандағы ГӨЗ жобасы жоғары күкіртті ілеспе мұнай газын дайындау және кешенді тазарту үшін озық лицензиялық шешімдерді енгізуді көздейді. Қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр болатын осы инфрақұрылымдық объектіні іске асыру – күкіртті газды кәдеге жарату мәселелерін шешіп қана қоймай, тазартылған тауарлық газ өндірісінің көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ішкі нарықты тұрақты газбен жабдықтауға және экспорттық әлеуетті дамытуға елеулі үлес қосады.
Кездесу барысында QazaqGaz және CNCEC басшылары жобаның техникалық және коммерциялық параметрлерін, сондай-ақ жұмыстарды одан әрі үйлестіруді талқылады.
CNCEC күрделі технологиялық процестері бар объектілермен қатар, ірі химиялық және мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру тәжірибесіне ие компания. Qazaqgaz үшін Қашағандағы ГӨЗ құрылысы тауарлық газ өндірісін ұлғайту және Қазақстанның газ инфрақұрылымын нығайту жөніндегі негізгі жобалардың бірі болып табылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша қос компания жобаға қатысты жұмыс кестелерін үйлестіруге және жобаны іске асырудың келесі кезеңіне өту үшін келісімшарттық құжаттаманы келісуді жалғастыруға уағдаласты.