«QazaqGaz» ҰК» АҚ және China National Petroleum Corporation (CNPC) делегациялары серіктестікті одан әрі дамыту туралы келіссөздер жүргізді.

Кездесу "QazaqGaz" ҰК " АҚ Басқарма Төрағасы Санжар Жаркешов пен CNPC дамыту және жоспарлау департаменті бас директорының орынбасары Чжан Пинсянның қатысуымен өтті. 

Келіссөздерге CNPC Орталық Азия және Ресей бойынша бас директоры Чень Хуайлун да қатысты. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына сапары қарсаңында өткен бұл кездесу CNPC төрағасы Дай Хоулянның ұсынысы бойынша ұйымдастырылды. 

Тараптар ынтымақтастықты кеңейту жоспарларын талқылады, газды барлау және өндіру саласындағы перспективалы жобаларға ерекше назар аударылды. Жаңа учаскелерді бірлесіп әзірлеу және Қазақстанда газдың ресурстық базасын ұлғайту стратегиялары туралы айтылды. 

Бірлескен жобалар энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, ішкі және сыртқы нарықтарға газдың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ барлау мен өндіруге заманауи технологияларды енгізуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Тараптар қазақстандық газ саласының ресурстық әлеуетін кеңейту тәсілдерін және ынтымақтастықты тереңдету үшін мүмкін болатын бағыттарды талқылады. 

Қазақстанда 25 жылдан астам тәжірибесі бар CNPC аймақтағы газ жобаларын белсенді дамыта отырып, QazaqGaz-тың маңызды стратегиялық серіктесі болып қала береді.