QazaqGaz басшылығы мен NCOC өкілдері Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылыс барысымен танысты. Бас мердігер "Kazakh Construction Group" компаниясының өкілдері "QazaqGaz "ҰК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Бүркітов және "QazaqGaz "ҰК" АҚ ірі күрделі жобаларды іске асыру жөніндегі атқарушы кеңесшісі Эдвин Блум мен NCOC өкілдеріне құрылыс кестесі мен алдағы жұмыстардың көлемімен таныстырды.
Құрылыс алаңын аралау барысында QazaqGaz және NCOC өкілдері жобаның ағымдағы жағдайы мен болашағы туралы толық түсінік алды. Сондай-ақ, жобалаушы компания мен жабдықты жеткізушілердің қатысуымен апта сайынғы өндірістік кеңес өтті.
"Kazakh Construction Group" өкілдері монтаждау және дәнекерлеу жұмыстарының қарқынын жеделдеткені туралы баяндады. Сонымен қатар, 4 қосымша титулға (196 дана) қажетті жабдыққа тапсырыс берілген. Жабдықты жеткізу 2026 жылдың ақпанында күтілуде.
Қазіргі уақытта алаңда іргетасты құю жұмыстары, металл конструкциялары мен жабдықтарын монтаждау, РВС-5000 және РВС-1000 резервуарларын, көлемі 600 м3 сфералық резервуарларды жинау, сондай-ақ скидтерді байлау және НВК-1 және НВК-2 (сыртқы су құбыры және кәріз желілері) бойынша жұмыстарды орындау жүргізілуде.
Құрылыс қарқынын жеделдету үшін түнгі ауысымға шамамен 130-ға жуық адам тартылған. Жалпы құрылыс алаңында 1700-ден астам адам және 302-ге жуық техника жұмыс істейді.
Құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша прогресс:
- Газды кешенді дайындау қондырғысына іргетастарды орнату бойынша бетон жұмыстары: прогресс - 43 255 м3 (59,7%)
- Металл конструкцияларын монтаждау: орнатылған - 2 743 тонна (13,8%)
- Механикалық жабдықты монтаждау: орнатылған - 2 967 тонна (32%)
- Резервуарларды монтаждау: орнатылған - 461 тонна (17%)
- Жерасты құбырларын монтаждау: төселген - 15 249 метр (27%)
QazaqGaz басшылығы құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.