«QazaqGaz» ҰК» АҚ ірі жобаларды жүзеге асыру жөніндегі атқарушы кеңесшісі Эдвин Блом және NCOC басқарушы директоры Джанкарло Рую бастаған топ Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты.

Жобаның бас мердігері - «GPC Investment» ЖШС өкілдері, ұлттық компанияның шикі газды өңдеу департаментінің директоры Арай Қайыржанова және Эдвин Блом кездесу қатысушыларын зауыттың құрылыс барысы және алдағы жұмыс көлемімен таныстырды. 

«NCOC компаниясның өкілдерімен өте маңызды техникалық мәселелерді талқыладық. Жуырда эксплуатация тұрғысынан өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Зауытты іске қосу, пайдалануға беру мәселелерінде NCOC командасымен ойымыздың бір жерден шыққаны аса маңызды», – деді Эдвин Блом.

Құрылыс алаңын аралау барысында QazaqGaz және NCOC өкілдері жобаның ағымдағы жағдайы мен болашағы туралы толық түсінік алды.

Сондай-ақ жобалаушы және жабдықты жеткізуші компанияның қатысуымен апта сайынғы өндірістік кеңес өткізілді. Консорциум көшбасшысы «Kazakh Construction Group» компаниясының өкілдері монтаждау және дәнекерлеу жұмыстарының қарқынын жеделдету, бетон қоспасын өндіру мен жеткізудегі өнімділіктің артуы туралы баяндады. Сонымен қатар, шикі газды күкіртсутектен және құрамында күкірті бар басқа компоненттерден тазартуға арналған амин ерітіндісін жеткізуге тапсырыс берілді.

Құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы:

  • Іргетас жұмыстары: 39 814 м³ (59,5%)
  • Жабдықты орнату: 2503 тонна (24,7%)
  • Металл конструкцияларын орнату: 2625 тонна (13,6%)
  • Жерасты құбырларын монтаждау: 13 288 м (32,8%).

QazaqGaz басшылығы құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.