«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов және Қазақстандағы «Шелл» концернінің аға вице-президенті әрі төрағасы Сюзанн Куган ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды.

Құжат Қазақстан Республикасындағы газ саласын бірлесіп зерттеу аясында жасалды. Қол қою «GEOSCIENCE & EXPLORATION CENTRAL ASIA» халықаралық геологиялық форумының алаңында өтті. 

«Табиғи газ Қазақстанның энергетикалық теңгерімінде маңызды рөл атқарады: ол энергетика көзімен қамтамасыз етудің сенімділігін және жаңа энергетика көздеріне ауысу жағдайында елдің экономикалық дамуын қолдайды. Меморандумға қол қою Қазақстанның энергетикалық теңгеріміндегі табиғи газдың стратегиялық маңыздылығын көрсетеді», – деді Сюзанн Куган.

Қол қойылған құжат шеңберінде тараптар бас жоспарды жасау үшін одан әрі зерттеу жүргізетін техникалық және коммерциялық сарапшылардың қатысуымен бірлескен жұмыс тобын құрады. 

«Меморандум QazaqGaz бен Шелл арасындағы тығыз ынтымақтастыққа негіз қалайды. Сондай-ақ, ішкі сұраныстың өсуін және газ жеткізілімдерін кеңейтудің стратегиялық қажеттігін ескере отырып, еліміздің газ ресурстарының даму перспективаларын бағалауға бағытталған», – деп атап өтті Әлібек Жамауов.

Тараптар Қазақстанның газ саласын нығайтуға және елдің ұзақ мерзімді энергетикалық мақсаттарын қолдау жолында үлестерін қосуға ұмтылыстарын білдірді.