«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) бас директоры Кевин Лайон тауарлық газды сатып алу-сату туралы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды.
Қол қойылған құжат Қазақстанның ішкі нарығына тауарлық газдың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге және ұлттық компания мен елдің мұнай-газ саласының жетекші кәсіпорындарының бірі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
«Экономиканың дамуы ішкі нарықта тауарлық газды тұтынудың айтарлықтай өсуіне әкелді. QazaqGaz үшін халық пен отандық кәсіпорындарды тұрақты газбен қамтамасыз ету басымдық болып қала бермек. Біздің ұзақ мерзімді серіктесіміз «Теңізшевройлмен» сатып алу-сату келісіміне қол қою Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен мүмкін болды. Бұл келісім Қазақстанның тауарлық газ ресурстық базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді және ұзақ мерзімді перспективада сенімді жеткізілімдерді қамтамасыз етеді», - деп атап өтті «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
ТШО компаниясы ішкі нарыққа тауарлық газдың ірі жеткізушісі болып қала береді және ел үшін осы маңызды стратегиялық салада әлеуетті мүмкіндіктерді зерттеу үшін Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастырады.
«Бұл келісімге қол қою арқылы ТШО Қазақстан Республикасына елдің өсіп келе жатқан газ қажеттіліктерін қамтамасыз етуде көмек көрсетуге дайын екендігін көрсетеді. Мен QazaqGaz компаниясына осы ел үшін маңызды келісімге қол жеткізу үшін ТШО-мен бірлесіп атқарған елеулі жұмысы үшін алғысымды білдіремін», - деді ТШО бас директоры Кевин Лайон.
***
«QazaqGaz» ҰК» АҚ – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның портфельдік компаниясы. Компания магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тауарлық газды тасымалдаудың орталықтандырылған инфрақұрылымын басқарады, халықаралық транзитті қамтамасыз етеді, сонымен қатар ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады, құбырлар мен газ қоймаларын жобалайды, қаржыландырады, салады және пайдаланады.
«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) – шикі мұнайды, сұйытылған көмірсутек газын (СКГ), құрғақ газды және күкіртті өндіру, өңдеу және сату бойынша қызмет атқаратын қазақстандық серіктестік. ТШО заманауи технологияларды енгізіп, өз қызметін қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бойынша әлемдік стандарттарға сәйкес жүргізеді. ТШО 1993 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» корпорациясы арасында құрылды. Компанияның серіктестері: «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – 20%, «ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc.» – 25% және «Лукойл» – 5%.