ADIPEC халықаралық энергетикалық көрмесі аясында "QazaqGaz "ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов TotalEnergies Exploration & Production президенті Николя Терразбен кездесті. Тараптар геологиялық барлау және жаңа кен орындарын игеру саласындағы бірлескен бастамаларға ерекше назар аудара отырып, газ саласындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады. 

QazaqGaz басшысы компания Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегияны дәйекті түрде іске асырып жатқанын атап өтті. Геологиялық барлау саласындағы құзыреттерді дамыту, заманауи технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу басымдық болып қала береді. 

"Біз TotalEnergies компаниясын геологиялық барлау және газ активтерін әзірлеу саласындағы негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастырамыз. Компанияның тәжірибесі мен сараптамасы Қазақстанның газ әлеуетін ашуда маңызды фактор бола алады", - деп атап өтті Әлібек Жамауов. 

Тараптар жаңа газ ресурстарын іздеуге, технологиялық интеграцияға және елдің энергетикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін растады.