Астана - "QazaqGaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов еншілес кәсіпорындардың басшыларымен күзгі-қысқы жылыту кезеңінен өту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Кездесу барысында "Интергаз Орталық Азия" АҚ, "QazaqGaz Aimaq" АҚ, «QazaqGaz Onimderi» ЖШС басшыларының жылыту маусымын өткізу және халықты газбен үздіксіз қамту туралы ақпараты тыңдалды.
"QazaqGaz Aimaq" АҚ (QGA) басшылығының ақпаратына сәйкес, жылыту маусымының үш айында апаттық-диспетчерлік қызмет 15 423 өтінімді өңдеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 14% -ға азайған (17 846 өтінім). Айта кету керек, соңғы екі маусымда апаттық өтінімдер санының тұрақты төмендеуі байқалады. 74,3 мың км астам газ тарату желілерін және 273 541 дана газ жабдықтарының (ГРП, ПГБ, ШГРП) үздіксіз жұмыс істеуін 5 616 қызметкер, оның ішінде тәулік бойы кезекшілік атқаратын 891 апаттық-диспетчерлік қызметкер қамтамасыз етті.
Тұрмыста жазатайым оқиғалар мен апаттардың алдын алу мақсатында компания мамандары газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану жөнінде халықты хабардар ету үшін БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жадынамалар таратып, өңірлердің ТЖД-мен бірлескен рейдтерін ұйымдастырып және халықпен кездесулерді көптеп өткізуде.
"Интергаз Орталық Азия" АҚ басшылығының айтуынша, газ тасымалдау жүйесінің объектілері штаттық режимде жұмыс істеуді. Бұл үйлесімді жұмыс пен жылыту маусымына жоғары дайындықтың нәтижесі.
Абоненттерге газды тұрақты жеткізу, сондай-ақ газдың жерасты қоймаларынан газдың резервтік көлемі есебінен қамтамасыз етілуде.
Жылыту маусымы басталғалы бері "Бозой" жерасты газ қоймасынан алынған газ көлемі 830 млн м3-ге жетті. "Полторацкое" жерасты газ қоймасынан 195,4 млн м3, ал "Ақыртөбе" жерасты газ қоймасынан 84,3 млн м3 көлемінде газ алынды.
"QazaqGaz Onimderi" ЖШС басшылығының есебіне сәйкес, жылыту маусымы басталғалы бері газ құбырлары мен газ объектілерін егжей-тегжейлі тексеру үшін "ДЛС-Пергам" мобильді зертханалары жұмысқа тартылды. Олар 2 215 км жүріп өтіп, QGA-пен бірлесіп, газ тарату желілеріне тексеру жүргізді.
"Үздіксіз газбен қамтамасыз ету - біздің күнделікті жұмысымыз. Халықпен профилактикалық жұмысты күшейту, тұрғындарға газ құралдарын қауіпсіз пайдалану ережелерін және төтенше жағдайлар кезінде қалай дұрыс әрекет ету керектігін түсіндіру маңызды. Біздің мақсатымыз - жылыту маусымын тұрақты, апатсыз және төтенше жағдайларсыз аяқтау, бұл ретте жауапкершілік пен кәсібилікті бәрінен биік қоямыз", - деп атап өтті Әлібек Жамауов.
Кеңес соңында газды қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша профилактиканы күшейту, қысқы жағдайларда көлікті пайдалану кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, газбен жабдықтаудың сенімділігі мен тиімділігін арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, 2025-2026 жылыту маусымы штаттық режимде өтуде: Қазақстанда газ инфрақұрылымы объектілерінде ауыр апаттар немесе төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Ұлттық компания газға деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыра отырып, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды белсенді түрде іске асырады.