«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов кезекті рет Қашағандағы қуаты 1 млрд м3 құрайтын газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылыс алаңында болды.

Ұлттық компания басшысы құрылыс барысында айтарлықтай ілгерілеушілік бар екенін атап өтті: негізгі бетон құю жұмыстары аяқталды. Металл конструкциялар мен механикалық жабдықтардың монтажы жүруде. Бұдан басқа, 400 тонналы ауыр жүкті көтеретін крандарды мобилизациялау жоспарланған. Бүгінде құрылыс алаңына 200 тоннаға дейінгі жүкті көтеретін екі кран жеткізілді.

Сапар барысында Cанжар Жаркешов Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлымен кездесті. Тараптар жоба барысын талқылады. Зауыттың Атырау үшін маңыздылығына тоқталып, атқарушы органдар тарапынан жобаға көрсетіліп жатқан қолдау туралы сөйлесті. Кездесуге объектінің бас мердігері “KCG” ЖШС және “Integra” ЖШС басшылары да қатысты. Олар құрылыс барысы туралы есеп беріп, ағымдағы нәтижелер мен проблемалы сұрақтардың шешімдерін айтты. Бұған басқа олар құрылыс алаңында да жоба барысы туралы есеп берді.

Қазіргі таңда жоба қарқыны 42 пайызды құрайды. Жабдықтардың 90 пайызы газ өңдеу зауытының құрылыс алаңына жеткізілді. Учаскедегі жұмысқа 900-ден астам адам мен 75 дана техника жұмылдырылған. Құрылыстың шарықтау кезеңінде, яғни 2025 жылдың мамыр айында жұмысшылар саны 2000-ға жетеді деп жоспарланған.

«Қазір құрылыс алаңында жұмыстар қарқынды жүруде. Көктемде ірі көлемді технологиялық құрал-жабдықтардың монтажы жасалады. Ел Үкіметінің бекіткен кестесіне сай, ГӨЗ-ді іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған», – деді Санжар Жаркешов.

Жобалық қуатына шыққаннан кейін, зауыт жылына шамамен 727 млн м3 тауарлық газ, 115,5 мың тонна сұйытылған мұнай газы, 17 мың тонна композиттік газ және 218,5 мың тонна түйіршіктелген күкірт шығарады деп күтілуде.

Бұдан басқа, Санжар Жаркешов сұйытылған газ терминалының құрылысы туралы есепті тыңдады. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, газ инфрақұрылымы үшін аса маңызды жоба болып табылады.