Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндама жасады.

QazaqGaz басшысы өз сөзінде ұлттық газ операторы жұмысының нәтижелерімен, сондай-ақ, компанияның 2025 жылға арналған жоспарларымен таныстырды. Ол ұлттық компания еліміздің тұрғындарын үздіксіз көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырғанын, сонымен қатар шетелдік серіктестер алдындағы міндеттемелерін орындап жатқанын атап өтті.

“Үкімет, Энергетика Министрлігі, Самұрық-Қазына Қорының қолдауының арқасында QazaqGaz өткен жылы стратегиялық инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы, газ саласының инвестициялық тиімділігін арттыру бойынша бірқатар маңызды тапсырмаларды орындады. Геологиялық барлау жұмыстарының арқасында Жамбыл облысындағы Малдыбай учаскесінде газдың жаңа көздері ашылды. Біз одан әрі де еліміздің осы бағыттағы әлеуетін ашу жолындағы нақты іс-шараларды іске асыра береміз”, - деді Санжар Жаркешов.

Сонымен қатар, Қашаған кен орнында сұйытылған мұнай газын (СМГ) сақтау, тиеу және фракциялау зауытының құрылысы басталды, бұл елдегі СМГ тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Санжар Жаркешов ұлттық оператордың жүзеге асырылып жатқан жобалары мен стратегиялық бастамаларының маңыздылығына тоқталды, сондай-ақ Қазақстанның газ саласын дамыту бойынша алдағы қадамдарынан хабардар етті. QazaqGaz өзінің ресурстық базасын кеңейтуді, газ инфрақұрылымын жаңғыртуды, салаға инвестиция тартуды, елді сенімді газбен қамтамасыз етуді және халықаралық міндеттемелерді орындауды жалғастыруда.