Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдарды газдандыру жөніндегі тапсырмасының орындалуы аясында бүгін Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Шұбар ауылына табиғи газ берілді.
Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты.
Шұбар ауылына тартылған газ құбырының ұзындығы 74,2 шақырымды құрайды. Бұл жобаны Целиноград ауданының құырылыс бөлімі жүзеге асырды. Аталған жоба аясында ауылдағы 400 үй табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тағы бір қадам жасалды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымызға қойған басты міндеті – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру. Бүгінгі ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету шарасы – біздің осы бағыттағы тоқтаусыз жүргізіп отырған жұмысымыздың көрінісі. Биылдың өзінде өңірдің 125 мың тұрғынын қамтитын 12 газдандыру жобасы жүзеге асырылуда», – деді Ақмола облысының әкімі Март Ахметжанов.
Алғашқылардың бірі болып табиғи газға қосылған ауыл тұрғыны Айман Бейсенбаева: «Бұл – біздің отбасымыз үшін көптен күткен қуанышты оқиға. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға және тұрмыстық жағдайымызды жақсартуға бағытталған жұмыстарға ризашылығымызды білдіреміз. Енді ауыл тұрғындары от жағып, күл шығармайды, көмір тасымайтын болды. Жылы үй – жайлы өмірдің көрінісі емес пе?!», – деп өз әсерімен бөлісті.
Газ беру рәсімі барысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов: «Газға қосылу – бұл тұрғындар үшін тұрмыстық жағдайды жақсартумен қатар, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі және халықтың әл-ауқатын жақсартуға жасалған қадам. QazaqGaz ұлттық компаниясы еліміздің әр өңірінде халықтың өмір сүру сапасын арттыру және экономиканың тұрақты өсуі бағытында жұмыс жүргізуде», – деді.
Айта кетейік, 2024-2028 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалы бірнеше елді-мекенде газ құбырларын жүргізуде. Солардың бірі – Ақмола облысы Целиноград ауданының Нұрлы ауылы 2025 жылдың 1 ақпанында табиғи газға қосылды.
Ақпарат: Жалпы, 2020-2024 жылдар аралығында Ақмола облысында ұзындығы 657 шақырым болатын газ құбыры пайдалануға беріліп, 9 656 абонент көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Соның ішінде 2024 жылдың 2 қарашасында Аршалы ауданының Жібек Жолы ауылына газ беріліп, аудан бойынша кең ауқымды газдандыру жобасы аяқталды. «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының бірінші кезеңі аясында Аршалы ауданындағы 17 елді-мекен табиғи газбен қамтылды. Алдағы уақытта Астана іргесіндегі 6 ауыл (Аққайың, Қоянды, Шұбар, Ы.Алтынсарин, Қараөткел, Талапкер) және Қосшы қаласы газ жүйесіне қосылады деп жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 32 975 абонент (140 мың тұрғын) табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады.