"QazaqGaz "ҰК" АҚ мен S&P Global Commodity Insights арасындағы сараптамалық диалогты жалғастыру аясында "Энергетикалық нарықтың перспективалары 2026 жыл және одан әрі қарай: әлемдік энергетикалық нарықты не күтеді" тақырыбында компания қызметкерлері үшін семинар өткізілді. Бұл семинар тәжірибе алмасуға және салалық сараптаманы дамытуға бағытталған.
S&P Global Commodity Insights компаниясының аға директоры, сарапшылар қауымдастығында кеңінен танымал Клэр Годар спикер ретінде баяндама жасады. Ол Таяу Шығыс, Африка және ТМД аймағындағы жанармай, химия, газ және климат нарықтарын зерттеуге жауапты топты басқарады.
Семинар барысында геосаяси тәуекелдер мен макроэкономикалық жағдай, энергия тасымалдаушыларға сұраныс пен ұсынысты қайта теңестіру, энергетикалық ауысу факторлары, сондай-ақ табиғи газдың жаһандық нарықтарының даму динамикасы мәселелері қозғалды.
Клэр Годар Қазақстанның жаһандық энергетикалық процестерге интеграциялануының маңыздылығын және QazaqGaz-дың өңірлік нарықтағы басты ойыншы ретіндегі рөлін атап өтті.