2023 жылдың сәуір айында Маңғыстау облысында ұзындығы 60 шақырымдық жоғары қысымды жаңа жерасты газ құбырының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Ол Құрық ауылын «Сарша» жерімен және Ақтау маңындағы «Жылы жағажай» курорттық аймағымен байланыстырды. Бұл жобаны ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес «Самұрық – Қазына» тобына кіретін «QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес ұйымы – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асырды.
11 тамызда осы газ құбырындағы газ тарату пунктінің жұмысымен «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов танысып, газ мамандарының алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы есебін тыңдады.
« Біз Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының біреуін салып, үш желіні жөндеп жатырмыз. Бұл жұмысты осы жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Бұл Маңғыстау облысының тұрғындарын газбен қамтамасыз етуді арттырады», — деді Нұрлан Жақыпов.
Теңіз маңы аймақтарын газдандыру олардың курорттық әлеуетін дамытуға көмектеседі және жыл бойғы жұмысты қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе Маңғыстау облысына жыл сайын ағылып кеп жатқан туристер санының өсуі үшін де аса маңызды.
«Сарша газ құбыры QazaqGaz ұлттық компаниясының жеке қаражаты есебінен қаржыландырылған жоба. Инвестиция көлемі шамамен 31 млрд. теңгені құрады. Саршаны газдандыру өңірдің ауылшаруашылық және туристік нысандарын тұрақты түрде көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Олардың қатарында Rixos қонақ үйі мен Маңғыстау облысының туризмін дамытуға ықпал ететін басқа да кәсіпорындар бар. Бұл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор ықпалын тигізеді», - деді QazaqGaz Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Жаңа газ құбырына жұмыс істеп тұрған бес демалыс базасы, сондай-ақ болашақта осы жерде салынады деп жоспарланған болашақ қонақ үйлер мен ойын-сауық орталықтары қосылады. Бір ғана «Жылы жағажай» курорттық аймағы сағатына шамамен 20 мың текше метр газ тұтынатын болады.
Суды тұщыландыру
Газдандыру өңірдегі су тапшылығы мәселесін де шешуге мүмкіндік береді. Газдың жаңа көлемін негізгі тұтынушылардың бірі – осы жерде салынатын газбен тұщыландыру зауыты болуы тиіс.
Зауыт сағатына 21 мың текше метрге дейін газ тұтынатын болады. Бұл қажеттіліктер қазірдің өзінде іске қосылатын газ құбырының өткізу қабілеттілігіне жоспарланған. Бұл кәсіпорынның газға сұранысы "Жылы жағажай" курорттық аймағының барлық қонақ үйлері мен сауда орталықтарынан көп болады деп күтілуде. Тұщыландыру зауытының қуаты сағатына 50 текше метрге дейін жетеді. Яғни, жергілікті тұрғындар күн сайын қосымша 1,2 миллион литр ауыз су алады деген сөз.
Ауыл шаруашылығы
Газдандыру сонымен қатар аймақтың ауыл шаруашылығының дамуына да серпін береді. Қатты шөлді жағдайларға байланысты Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығы алқаптары іс жүзінде жоқтың қасы. Ауыл шаруашылығы өнімдері үнемі отын қажет ететін жылыжайларда өндіріледі.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің газға деген сұранысы, осы бүгін іске қосылған газ құбырының өткізу қабілеттілігі жоспарына ендірілді. Қарақия және Мұнайлы аудандарының шаруа қожалықтары мен жылыжайлары енді сағатына қосымша 36,5 мың текше метр газ ала алады.
Жалпы, жаңа газ құбырының іске қосылуы өңірдің экономикалық дамуына, туристік мүмкіндікті арттыруға, шағын және орта бизнестің өсуін ынталандыруға тың серпін береді.