«QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес компаниясы – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ - Түркістан облысы Сауран ауданының Ибата ауылын табиғи газға қосты. Жоба Мемлекет басшысының өңірлерді газдандыру туралы тапсырмасына сай жүзеге асырылуда. Рәсімге «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Санжар Жаркешов пен Түркістан облысының әкімінің бірінші орынбасары Зұлфыхар Жолдасов қатысты.

«Бүгін Ибата ауылына көптен күткен газ кірді. Енді күн суытпай тұрып, тұрғындар газды үйлеріне кіргізіп алулары керек. Енді ауылымыз гүлденіп сала бермек, себебі экологиямыз айтарлықтай жақсарады»,-деді Зұлфыхар Жолдасов.

Бүгінде Түркістан облысының газдандырылу деңгейі 74 пайызды құрайды. Қуаты сағатына 33,3 мың м3 құрайтын «Ескі Иқан» АГТС Ибата елді- мекенінің қосылу нүктесі болды. Елді-мекеннің газ құбырларының ұзындығы – 99,3 мың м.

«Биыл ұлттық компания 19 елді-мекенді газға қосты. Бүгінгі күні, жобаны іске асырудың арқасында, Ибата ауылының 8 мыңға жуық тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Осылайша, Түркістан облысында 14 ауданның 13-і газдандырылғанын атап өтейік. Жыл соңына дейін Сауран ауданының Ойық, Бершінтөбе және Шоқтас елді-мекендерін газға қосу жоспарлануда», – деді Санжар Жаркешов.

Бұдан басқа, QazaqGaz басшысы «Түркістан» АГТС күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындығын тексеріп қайтты. Айта кетейік, абоненттер саны 235 791 құрайды, оның 36 659-ы Түркістанда. QazaqGaz 2023 жылы тағы 76 елді-мекенді газға қосуды жоспарлап отыр.

Бұдан бұрын, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ - Түркістан облысы Келес ауданының Бәйтерек және Жамбыл-2 елді мекендерін табиғи газға қосқанын естеріңізге сала кетейік.

Анықтама үшін:

Түркістан облысының Сауран ауданында 36 елді-мекен бар, оның ішінде 8 елді-мекен тауарлық газбен қамтамасыз етілген. Сонымен, ауданның газдандырылу деңгейі 22% құрайды.