«QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Төлеби ауданының Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас және Кенесарық елді мекендерін табиғи газға қосты. Осы жобаны іске асырудың арқасында Төлеби ауданында табиғи газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің үлесі 100%-ды құрады.

Елді-мекендерді  көгілдір отынға қосу рәсіміне – өңір тұрғындарымен бірге, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров қатысты.

Бүгінде аудандағы 55 елдімекенде жалпы саны 122 732 адам тұрады. 51 елдімекен табиғи газбен қамтамасыз етілген.

Қасқасу ауылынан Шаймерден Керімқұлов есімді азамат алғашқылардың бірі болып үйіне табиғи газ тартты, осы орайда ол газ қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

«Бәрі қалыпты жұмыс істейді,  үйіміз жылы. Газ үйімізді жылытып, жайлы әрі жылы орынға айналдырды. Өмірімізді жеңілдетті, ыңғайлы және үнемді отын екен»- деп атап өтті Ш.Керімқұлов.

Қасқасу ауылының тағы бір тұрғыны Миятбек Нышанов газ пайдаланудың арқасында көмір жағуды ұмытқанын және таза табиғи отынның игілігін көріп отырғанын айтады.

«Газды пайдалануға көшкеннен кейін мен үйдегі тазалықтың айырмашылығын сезіндім. Көмір немесе отын жағылғаннан кейін жиналатын күл мен жиналатын шаң болмайды. Бұл менің тірлігімді жеңілдетті. Осы шешімге өте ризамын» - деді М.Нышанбаев.

Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас және Кенесарық елді мекендерін табиғи газға қосуды іске асырудың арқасында тағы 1021 үйдің тұрғындарына көгілдір отынға қол жеткізу мүмкіндігі берілді, бұл Төлеби ауданын газбен қамтуды  100% - ға дейін ұлғайтуға серпін береді.

Елді мекендерге жүргізілген газ құбырларының ұзындығы 65,69 км, 3 газ реттеу пункті және 687 газ реттеу қондырғылары орнатылды. Елді мекендерге қуаты 35 000 м3/сағ құрайтын «Зертас» автоматты газ тарату станциясы (АГТС) газ жеткізетін болады.

Жалпы, қазіргі уақытта Түркістан облысында 12 газ шаруашылығының әкімшілік-тұрмыстық ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда олар: Түлкібас, Сайрам, Қазығұрт, Атакент, Сарыағаш, Дербісек, Ордабасы, Түркістан, Төлеби, Келес, Абай және Жетісай газ шаруашылықтары. Жөндеу жұмыстарын 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Төлеби ауданында табиғи газға қолжетімділікті күшейту – жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсарту және ауданды дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бұдан бөлек,  табиғи газға қосылу ауданның экологиялық тазалығын қамтамасыз етеді.

Дегенмен, қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару әрқашан маңызға ие. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ компаниясының миссиясы - халықты газбен үздіксіз қамтамасыз етумен қатар, тұтынушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және үнемі назарда ұстап отыру. Сондықтан газ саласының мамандары тұтынушыларды газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін барынша сақтап,  аса мұқият болуға шақырады.