«Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырын салу» инвестициялық жобасын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы іске асырды.

Жаңа газ құбырының құрылысы 2024 жылдың тамыз айында Премьер-министр Олжас Бектеновтің Жетісу облысына жұмыс сапары кезінде басталған болатын.

Салтанатты іс-шарада жергілікті тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

«Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының мерзімінен бұрын аяқталуына ықпал еткен «QazaqGaz» компаниясына Жетісу облысының тұрғындары атынан алғысымды білдіремін. Біз алдағы уақытта да өңірді газдандыруды әрі қарай жалғастырамыз. Өйткені табиғи газ беру – халықтың өмір сүру деңгейін арттырумен қатар, экономикаға үлкен әсер ететін стратегиялық басымдықтың бірі. Ең алдымен газға аурухана, емхана, мектеп, балабақша, мәдениет үйлері, спорт нысандары секілді әлеуметтік нысандарды қосамыз. Тұрғындардың да көгілдір отынға қосылуына мүмкіндік жасалады. Оған қоса өнеркәсіптің, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашады, - деді Б. Исабаев.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор Елжас Отыншиев аталған жобаның әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. 

«Самұрық-Қазына қоры экономиканың түрлі саласында, әсіресе мұнай-газ, энергетика бағытында ауқымды бастамаларды жүзеге асыруда. Сондай жобалардың бірі – «Талдықорған-Үшарал» газ құбыры. Өте маңызды жоба. Елге газ келсе, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Жаңа жұмыс орындары пайда болады. Экология жақсарады. Өңірге инвестиция құйылады»,-деді ол.     

Бүгінгі күні жаңа газ құбырының желілік бөлігінің және бір мезгілде «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай» және «Үшарал» алты автоматты газ тарату станциясының құрылысы толығымен аяқталды.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының стратегия және инвестициялар жөніндегі орынбасары Акбар Төлегенов құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысы ерекше бақылауда болғанын баса айтты. 

«Нәтижесінде жаңа газ құбыры және барлық 6 АГТС жоспарланған мерзімнен бір жыл және 4 айға ерте дайын болды. Осылайша, QazaqGaz осы өңірді газдандырудың іргетасын қалап, жұмыстың негізгі көп еңбекті қажет ететін бөлігін орындады. Қазіргі уақытта газ құбырының тарату желілерін салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған ЖСҚ бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу күтілуде»,-деді Акбар Төлегенов. 

Келесі кезеңде облыс әкімдігі құрылыс-монтаждау жұмыстарын іске асыруға кіріседі, бұл алдағы уақытта 134 мың адам тұратын өңірдің 84 елді мекеніне газ беруді қамтамасыз етеді.

Аудан тұрғындары Сатай Бекболатов, Қоңыржай Қысталасова, Ұлдаш Бипажанова, Ерік Жуанышбаев және басқа да азаматтар пікірлерін білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.

Солардың бірі Үшарал қаласының тұрғыны Әбен Сақыпов:

- 1980 жылдан бері Үшаралда тұрамын. Біз осы күнді ұзақ күттік. Алакөл өңірінің қысы қатты, кейде 7-8 айға дейін от жағатын кезіміз болады. Немерелеріміз тоңып қалмасын деп таң бозынан от жағамыз. Бір қыста сегіз тоннаға дейін көмір жағамыз, оған қоса ағаш отын дайындаймыз. Көмір жағып, күлін шығару егде жастағы адамдарға оңай емес. Өзіміз үлкен көшелердің бірінде тұратындықтан, газға алғашқылардың бірі болып қосылуға мүмкіндігіміз болады деп ойлаймын. Шалғай ауданға газ келгеніне ризамыз, - деді ол.

«Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырын салу» инвестициялық жобасын іске асыру жаңа жұмыс орындарын құра отырып, іскерлік белсенділіктің өсуі, туризмді, шағын және орта бизнесті дамыту түрінде өңірге қосымша оң әсерін тигізеді.