«QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес компаниясы – «QazaqGaz Aimaq» АҚ 2026–2027 жылдардағы алдағы күзгі-қысқы кезеңге газ тарату жүйелерін кешенді түрде дайындау жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда жоспарланған шаралардың орындалу деңгейі 34%-ды құрайды.
«Дайындық жұмыстары газ тарату желілерінің 77 мың шақырымнан астамын және газ шаруашылығының 287 мыңнан астам нысанын қамтиды. Алдағы жылыту маусымында тұтынушыларды сенімді әрі қауіпсіз газбен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстарға өндірістегі 5 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылған», - деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ өндірістік-техникалық департаментінің директоры Асқар Қонақбаев.
Дайындық аясында газ реттеу пункттеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, ажыратқыш құрылғыларға техникалық қызмет көрсетілуде, электрохимиялық қорғаныс құралдары жөнделіп, газ құбырларына аспаптық тексерулер жүргізілуде.
Газ тарату инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға ерекше назар аударылуда. Биыл компания газ қысымының төмендеу себептерін жоюға және тарату желілеріндегі апаттар мен оқыс оқиғаларды азайтуға бағытталған 227 іс-шараны жүзеге асыруда.
Іске асырылып жатқан жобалардың қатарында газ құбырларын сақиналау, қосымша шкафтық газ реттеу пункттерін орнату, қысым реттегіштерін ауыстыру және газ құбырларының жекелеген учаскелерінің диаметрін ұлғайту жұмыстары бар.
Тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету компания қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылу маусымында республикалық және өңірлік телеарналарда 580-нен астам бейнеролик көрсетілсе, жергілікті атқарушы органдармен және төтенше жағдайлар қызметтерімен бірлесіп 470-тен астам профилактикалық рейд өткізілді және бұқаралық ақпарат құралдарында 300-ге жуық материал жарияланып, халық арасында 130 мыңнан астам жадынама таратылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, газды қауіпсіз пайдалану мәдениетін арттыру мақсатында 112 нөмірінен апта сайын SMS-хабарламалар жіберу ұйымдастырылды.
«Қауіпсіздік деңгейін арттыру және газдың шығу орындарын дер кезінде анықтау мақсатында «QazaqGaz Aimaq» АҚ заманауи мобильді диагностикалық кешендерді белсенді қолдануда. Жыл басынан бері «ДЛС Пергам» мобильді зертханасының көмегімен 5 595 шақырым газ тарату желісі тексерілді. Тексеру нәтижесінде 104 газ шығу дерегі анықталып, толықтай жойылды», - деп атап өтті Асқар Қонақбаев.
Сонымен қатар елдімекендерді газдандыру жобаларын іске асыру жалғасуда. Оның ішінде, елордада газдандырудың бірінші және екінші кезеңдері толық аяқталып, үшінші кезеңнің жұмыстары ішінара жүзеге асырылуда. Барлық кезең аяқталғаннан кейін Астана қаласының шамамен 300 мың тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді. Бүгінде газ қаланың негізгі энергетикалық инфрақұрылым нысандарына, оның ішінде ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 және газ жылу станцияларына жеткізілген.
Қосшы қаласында да газдандыру жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірінші іске қосу кешені пайдалануға берілгеннен кейін 8 мыңдай абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. 2026 жылы келесі кешендерді іске қосу нәтижесінде қосымша 10 мыңнан астам тұтынушы газбен қамтылады.
Ақмола облысында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары Аршалы және Целиноград аудандарындағы ондаған елдімекен табиғи газға қол жеткізді. 2026–2027 жылдары өңірдегі газ инфрақұрылымын одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Бұл жаңа елдімекендерді экологиялық таза әрі қолайлы энергия көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ жылыту маусымы кезеңінде еліміздің барлық өңіріндегі тұтынушыларды сенімді, қауіпсіз және үздіксіз газбен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруда.