Осыған дейін сұйытылған газ пайдаланып келген Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін бұл - айтулы оқиға. Табиғи көгілдір отынға көшудің артықшылықтары айқын – табиғи газды тұрмыста пайдалану әлдеқайда қолайлы әрі қауіпсіз, өзге отын түрлерімен салыстырғанда бағасы да айтарлықтай арзан. Қалаға табиғи газ берілуі - шағын және орта бизнесті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, яғни әлеуметтік-экономикалық өсімге жол ашылады.
Алғашқы 6 тұрғын үйден өзге, 6 мектеп пен 1 бала бақша көгілдір отын құбырына жалғанды. Газ автономды қазандықтарға да берілуде.
Байқоңыр қаласын Қазақстанның табиғи газына қосу үшін ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ өз қаражаты есебінен қажетті инфрақұрылымды толығымен салды. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбырынан «Байқоңыр» автоматтандырылған газ тарату станциясына (АГТС) дейін ұзындығы 4 шақырымдық бұрма газ құбыры салынды. Ал АГТС-тен қалаға дейін ұзындығы 10 шақырым жеткізуші газ құбыры төселді. Қала ішіндегі құбырлардың ұзындығы 33,5 шақырымнан асады. Қалада 20,6 мың абонентті газ құбырына қосу жоспарланып отыр, бұл – 300 аса көппәтерлі үй.
Биыл маусым айында өткен «Байқоңыр» кешені жөніндегі Ресей-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысында, «ҚазТрансГаз» АҚ, Қызылорда облысының әкімдігі, Байқоңыр қаласыныі әкімшілігі, «ЦЕНКИ» ФҰББ арасындағы ынтымақтастық арқасында қаланы газдандыру сызбасы бекітілді.
19 қазанда Астанада Байқоңыр тарихында тұңғыш рет «Газ шаруашылығы» қалалық біртұтас мекемесі, «ҚазТрансГаз» АҚ және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында келісімге қол қойылды. Келісім негізінде қаладағы нысандар табиғи газ тұтына бастады.
Байқоңыр қаласын газдандыруға арналған жұмыстар 2014 жылы бастау алды. Сол жылы қараша айында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбырынан «Байқоңыр» автоматтандырылған газ тарату станциясына дейінгі бұрма газ құбырының құрылысы басталды.
Бұл нысан ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» жүзеге асырған «Қызылорда облысының 5 елді мекенін газдандыру» ауқымды инвестициялық жобасының аясында тұрғызылды.
«ҚазТрансГаз» АҚ баспасөз қызметі
тел: +7(7172)55 23 16