Кездесу барысында Мемлекет басшысына Ұлттық компания қызметінің 2026 жылғы нәтижелері, сондай-ақ алдағы жылдарға арналған жоспарлары туралы ақпарат берілді.
Президентке тұрғындар мен ел экономикасын жыл бойы табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету және QazaqGaz ұлттық компаниясының 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына 100% дайын екендігі туралы баяндалды.
Мемлекет басшысының геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру жөніндегі тапсырмалары орындалып жатыр. 2026-2028 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасы бекітілді, 13 учаскені қамтитын 3 лицензия алынған. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында QazaqGaz үшін стратегиялық серіктестерді тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқан 30 учаске бекітілген. Шалқар учаскесінде жобалық тереңдігі 2206 м барлау ұңғымасын бұрғылау басталды, Саралжын учаскесінде геохимиялық зерттеулер бойынша далалық жұмыстар аяқталды, далалық сейсмикалық барлау партиясына техникалық аудит жүргізілді. Малдыбай, Солтүстік-2, Солтүстік-1 және Аққұдық учаскелерінде дайындық кезеңдері мен сейсмиканы қайта өңдеу аяқталды, Придорожное учаскесінде барлау бұрғылау жұмыстары аяқталуда.
Әлібек Жамауов Президентке компанияның ірі инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру барысын баяндады. Қуаттылығы жылына 1 миллиард текше метр газ өңдейтін Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасуда. Бүгінде жоба белсенді іске асырылуда, пайдалануға беру мерзімі 2027 жылдың ІІІ тоқсанына жоспарланған.
"Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы бойынша инженерлік жобалау, жабдықтар мен материалдарды сатып алу жұмыстары жүргізілуде, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Қуаттылығы жылына 2,5 миллиард текше метр газ өңдейтін Қашаған газ өңдеу зауытын салу және қуаттылығы жылына 5 миллиард текше метр газ өңдейтін Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу жобалары бойынша ЕРС-мердігерлер анықталды. Бұл жобаларды іске асырудың нақты қадамдары басталды.
Сондай-ақ, Әлібек Жамауов Президентке газ саласында цифрлық шешімдердің енгізіліп жатқанын жеткізді. Aqyl Energy бастамасы аясында заманауи технологиялар арқылы жасанды интеллект пен деректерді талдау элементтерін қолдана отырып, газбен жабдықтауды есепке алу және басқару процестерін цифрландыру жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланысты, 1,3 миллионнан астам газды есепке алу аспаптары интеллектуалды есептегіштерге кезең-кезеңімен ауыстырылуда.
Сонымен қатар, Президентке ұлттық компанияның жоспарлары туралы ақпарат берілді. Оған сәйкес, солтүстік өңірлерді (Көкшетау қ.және Петропавл қ.) газдандыру, газ-моторлы отын нарығын дамыту, Рудный қаласында жылына 50 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін шағын тоннажды зауыт салу, 4-ші жерасты газ қоймасын салуды бастау жұмыстары туралы айтылды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту кезеңінде тұрғындарды және экономиканы газбен тұрақты қамтамасыз етуді, тауарлық газ қорын кеңейту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.