Мемлекет басшысы, әлемде күн тәртібінде жасыл экономиканың белсенді ілгерілеуі белең алғандықтан мұнай саласының дәуірі аяқталып келеді деп есептейді. Көптеген дамыған елдер 2050 жылға қарай көміртекке бейтарап болуға міндеттеме қабылдады. Осыған байланысты көмірсутек шикізатын қарқынды игеру және ұлттық қорды толтыру үшін жаңа ынталандырулар қажет.
Атап өтілгендей, бүгінде табиғи газдың ішкі нарығы шамадан тыс реттелуге ұшырап отыр. Бұл ресурстық базаның ұлғаюын, геологиялық барлау инвестицияларын және газ өңдеу қуатының құрылысын тежейді. Тұтыну нарығы да едәуір өсіп жатыр. «2027 жылға қарай газды тұтыну көлемі 26 миллиард текше метрге дейін өседі деп күтіледі. Газдың жетпей қалу қаупі бар. Газ саласында ұлттық оператор жұмысының тиімділігін арттырып, оған "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының бірқатар функцияларын беру керек. Жалпы кешенді шешімдер қабылдау керек. Үкіметке "Самұрық-Қазынамен" бірлесіп, газ нарығын реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Сондай-ақ, ресурстық базаны арттыру үшін арнайы шаралар қабылдансын", - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Бұған қоса, Президент үкіметке 1 желтоқсанға дейін мұнай-газ химиясы өндірістерін салуды жылдамдату үшін шаралар қабылдауды және әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасауды тапсырды.
Дереккөзі: www.akorda.kz