24 қыркүйекте «Алматы-Байсерке-Талғар» магистралды газ құбыры екінші тармағының құрылысы аяқталды. Іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ ҰӘҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі Талғат Малыбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев және «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты.

Бұл ЖЭО арналған газ инфрақұрылымының төртінші нысаны. Оның ұзындығы - 62,4 км, диаметрі – 530мм, өткізу қабілеті – сағатына 1 000 000 м3.

«Бүгінгі күні барлық жұмыстар аяқталды. Объектінің маңы жайластырылды. Газ құбырының жұмысы тексерілді. Магистралды газ құбырының екінші тармағы тұтынушыларды және ЖЭО-2, ЖЭО-3 нысандарын табиғи газбен тұрақты түрде қамтамасыз етуге ықпал етеді.», – деді Нұрлан Жақыпов.

Сонымен қатар, газ тасымалдау жүйесін кеңейту қолданыстағы Алматы-Байсерке-Талғар бір желілік газ құбырының тоқтап қалуына байланысты төтенше жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысының Алматы қаласының Жылу электр орталықтарын газдандыру туралы тапсырмасы аясында QazaqGaz ұлттық компаниясы “Алматы-Байсерке-Талғар” МГҚ екінші тармағының құрылысын аяқтады. Біздің еншілес компаниямыз “Интергаз Орталық Азия” барлық жұмысты белгіленген кестеден ерте аяқтады. Осы орайда, жобаның сәтті жүзеге асуына қолдау білдірген Самұрық-Қазына қоры, Алматы қаласы, Алматы облысының әкімдігіне ерекше алғысымды білдіремін»,-деді Санжар Жаркешов.

Сыртқы газ инфрақұрылымын дайындау төрт ауқымды нысанның құрылысын қамтыды. ЖЭО-2 және ЖЭО-3 екі автоматты газ тарату станциясы, олардың өнімділігі сағатына 250 және 150 мың текше метр. Алматы-Байсерке-Талғар және Қазақстан-Қытай газ құбырлары арасындағы өнімділігі сағатына 1 млн текше метрді құрайтын ТIP-04 газ құбыры жалғастырғыш. Сондай-ақ Алматы-Байсерке-Талғар магистральдық газ құбырының екінші желісі. 2023 жылдың қараша айында екі автоматты газ тарату станциясы мен ТIP-04 газ құбыры мерзімінен бұрын пайдалануға берілді.

Айта кетейік, Алматы жылу электр стансаларын газға көшіру қаланың экологиялық ахуалының жақсаруына ықпал етеді. Сонымен қатар, Алматы мен Алматы облысының газ тасымалдау жүйесін кеңейту, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптік кәсіпорындардың дамуына жаңа серпін береді. Тиісінше, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасына мультипликативтік әсер етеді.