“QazaqGaz” ҰК” АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездесті. Тараптар жылыту маусымына дайындық барысы мен жаңа инвестициялық жобаларды газбен қамтамасыз ету туралы сөйлесті.
QazaqGaz басшысының айтуынша, Шымкент қаласының газдандырылу көрсеткіші 96% құрайды. Осы жылдың соңына дейін өңірде жеті елді-мекенді газдандыру жоспарланған.
«Мемлекет басшысының QazaqGaz ұлттық компаниясының алдына қойған басты тапсырмасы - халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету. Біз жылыту маусымын төтенше жағдайсыз өткізу үшін қолдан келген барлық іс-шараны жасап жатырмыз. Осы орайда жергілікті атқарушы органдармен серіктестікті нығайту аса маңызды”, - деді Санжар Жаркешов.
Шымкент қаласында газды есептеуді цифрландыру, смарт есептегіштерді орналастыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Бүгінде 2505 есептегіш орналастырылған, тиісінше газ есебін цифрландыру жұмысы 100% жетті. Қолға алынған шаралар алдағы жылыту маусымына дайындықты тиімді етіп, түрлі ақауларды жедел түрде жоюға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Шымкентте өндіріс пен өнеркәсіпті дамыту үшін, инвесторларды тарту арқылы көптеген жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Осы жобаларға тауарлық газдың қосымша көлемі қажет болады. Осы орайда, өндірістік кәсіпорындардың қажеттіліктерін жабатын жаңа АГТС (автоматты газ тарату станциясы) құрылысы туралы ұсыныс қарастырылып жатыр.