9–11 қараша аралығында Бейжіңде CNPC және TAPLINE бастамасымен еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау (HSE) мәселелері бойынша халықаралық кеңес өтті. Іс-шара бес елдің — Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның серіктес компаниялары мен акционерлерінің басын қосты.
Құрамына «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Азиялық Газқұбыры» ЖШС және «Бейнеу–Шымкент газ құбыры» ЖШС өкілдері кірген «QazaqGaz» ҰК» АҚ делегациясы топтың өндірістік қауіпсіздік саласындағы практикалық жетістіктерін таныстырды. Сарапшылар тәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдерін, оқыс оқиғалардың алдын алу әдістемелерін және қауіпсіздік мәдениетін дамыту бағдарламаларын баяндады.
Кездесудің басты қорытындысы - озық технологиялық шешімдер трансферіне және салалық диалогты нығайтуға бағытталған HSE саласындағы серіктестердің бірлескен бастамасына қол қойылуы болды.
Халықаралық күн тәртібіне тұрақты түрде интеграциялану QazaqGaz компаниясына ішкі стандарттарды жүйелі түрде жетілдіруге және өндірістік нысандарда тиімді тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді.