12 қарашада Корея Республикасына жұмыс сапары аясында "QazaqGaz” ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнының шикізат базасында қуаты жылына 5 млрд м3 газ өңдеу зауытының жобасын іске асыру бойынша серіктестермен кездесу өткізді.
Кездесудің басты нәтижесі EPC-келісімшартқа қол қою болды. Құжат ұлттық компанияның еншілес ұйымы - "QazaqGaz Processing" ЖШС мен құрамына Hyundai Engineering Co. Ltd. және "SICIM Kazakhstan" ЖШС кіретін консорциум арасында жасалды.
Жаңа зауыттың құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында іске асырылуда.
Кәсіпорынды іске қосу Қарашығанақ кен орнынан шикі газды қайта өңдеу көлемін едәуір арттыруға, сондай-ақ ішкі нарықты тауарлық газдың, сұйытылған көмірсутекті газдың (СГГ) және күкірттің қосымша көлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтады.