«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Асылжан Дәулетов Австрияның Экономика, энергетика және туризм министрінің орынбасары Северин Грубер бастаған делегациямен жұмыс кездесуін өткізді. Делегация құрамында сондай-ақ Австрияның мемлекеттік ÖBAG холдингінің және оның құрамына кіретін OMV мұнай-газ және химия тобының өкілдері болды.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылап, келесі бағыттарға ерекше назар аударды.

  • Газ кен орындарын игеру және газ өңдеу саласындағы ынтымақтастық, соның ішінде активтердің пайдалану сенімділігі мен тиімділігін арттыру үшін озық технологияларды енгізу;
  • Газды жерастында сақтау (ГЖС) инфрақұрылымын дамыту: кездесуге қатысушылар Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған үш ГЖС жұмысына жан-жақты тоқталып, сақтау көлемін басқару бойынша OMV-дің табысты тәжірибесін қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.

Австриялық делегация өкілдері Қазақстанның ұлттық газ операторымен серіктестікті дамытуға зор қызығушылық білдіретіндерін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен бағыттарды сараптамалық деңгейде егжей-тегжейлі пысықтауды жалғастыруға уағдаласты. Бұл бағытта OMV тобының газ барлау, өндіру және жеткізуді диспетчерлеу саласындағы технологиялық әрі операциялық тәжірибесі QazaqGaz-дың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға септігін тигізеді.

Анықтама үшін:

ÖBAG холдингі Австрияның негізгі кәсіпорындарындағы мемлекеттік үлестерді, соның ішінде геологиялық барлау, кен орындарын игеру, өндіру, өңдеу және газды жерастында сақтау саласындағы еуропалық нарықтың көшбасшысы OMV компаниясын басқарады.