Тұтынушыларға табиғи газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету бойынша тәулік бойғы жұмыспен қатар, барлық газдандырылған аймақтарда ЖЭО, әлеуметтік және бизнес объектілері көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, Қазақстан өңірлерін газдандыру жалғасуда. Өткен жылдың қорытындылары бойынша Жамбыл облысында елді мекендерді газдандыру деңгейі 88,6 пайызға жетті. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалында өңір тұрғындарын көгілдір отынмен одан әрі қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды.
Жалпы, кеңесте айтылғандай, Жамбыл облысы ең газдандырылғандардың бірі болып табылады - облыстың 10 ауданының 9-ы газдандырылған. Өткен жылы газ тұтыну 30 пайызға өсті. Бердібек Сапарбаев өңірді газдандыру жұмыстары, әсіресе Қордай ауданында белсенді жүргізілгенін атап өтті. Бұл ретте, әкім облыстың екі аудан орталығының тұрғындары әлі де көгілдір отынмен қамтамасыз етілмегеніне назар аударды.
«Біздің облыста екі аудан орталығы газбен жабдықтау жүйесіне қосылмаған - бұл Жаңатас және Мойынқұм, өткен жылы тұрғындармен кездесуде бұл мәселе талқыланды, біз «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалымен бірге газдандыруды бастаймыз деп уәде бердік», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Мамандардың айтуынша, бұл аудандарды газдандыру ағымдағы жылға жоспарланған. Сонымен қатар, кеңесте қоғамдық көлікті газға көшіру және жаңадан салынған әлеуметтік объектілерге газ құбырын тарту мәселелері қаралды.
Бүгінгі күні 29 шағын және орта бизнес объектілерінен өтінім келіп түсті, олардың 12-сі бойынша техникалық құжаттама дайындалды, қалғандары бойынша энергетика басқармасы кәсіпкерлік басқармасымен және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалымен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізуде.
Кеңесте газ құбырларын жаңғырту мәселесі көтерілді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Исмаиловтың айтуынша, биыл облыс орталығының газбен жабдықтау желілерін жаңарту жұмыстары жалғастырылатын болады.