«QazaqGaz» ҰК» АҚ орталық аппаратында өңірлерде орын алған су тасқынына қатысты жедел штабтың кезекті отырысы өтті.  Аталған шара ұлттық компания басшысы Санжар Жаркешов пен еншілес және бағынысты кәсіпорындары бас директорларының, өндірістік филиал басшыларының қатысуымен өтті. Кездесу бейнеконференция байланысы арқылы ұйымдастырылды. 

Жедел штаб отырысы аясында қатысушылар тасқын су салдарын жою мен зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына көрсетіліп жатқан көмек туралы сөйлесті. 

«QazaqGazдың барлық қызметкерлеріне тасқын судан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына көрсетіп жатқан қолдауларыңыз үшін алғыс білдіремін. Ерікті ретінде жасап жатқан жұмыстан бөлек, газ мамандары төтенше жағдай кезінде халықты табиғи газбен үздіксіз әрі қауіпсіз қамтамасыз етіп жатыр», – деді QazaqGaz Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Сонымен қатар, ол QazaqGaz ұлттық компаниясы, Самұрық-Қазына қорының портфельдік компаниясы ретінде су тасқынынан зардап шеккендерге 1 млрд теңге бөлетінін жеткізді.

Бүгінгі таңда өңірлерде апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға QazaqGaz компаниялар тобының 915 қызметкері, шамамен 205 техникасы жұмылдырылған. Сонымен қатар, Қашағандағы ГӨЗ құрылысына тартылған 99 техника да тасқын сумен күреске бағытталған. Су басқан аймақтарда еріктілер жасақтары құрылды. Компаниялар тобының жұмысшылары арасынан шыққан белсенділер өз еркімен азық-түлік сатып алуға бастама көтеріп, ыстық тамақ әзірлеп жатыр.

Табиғи газ су басқан өңірлерден басқа жерлерге көшірілген абоненттерді есептемегенде, үздіксіз жеткізіліп жатыр.