"QazaqGaz" ҰК" АҚ газды геологиялық барлау және өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу бойынша халықаралық компаниялармен бірлесіп бірқатар күрделі жобаларды жүзеге асыруда. Бұл мақсатта, компания халықаралық озық тәжірибелерді пайдалана отырып, өзінің әлеуеті мен құзыретін арттырып келеді.
Осы стратегия шеңберінде Ұлттық компания Эдвин Бломды "QazaqGaz" ҰК" АҚ Бас директорына бағынатын, ірі күрделі жобаларды іске асыру жөніндегі Атқарушы консультант лауазымына тағайындады. Ол компанияның күрделі жобаларын жүзегеасыру кезіндегі барлық кезеңдерді қадағалайтын болады.
Эдвин Бломның энергетика саласында 35 жылдық тәжірибесі бар. Атап айтсақ, Германия, Ұлыбритания, Венесуэла, Габон, Малайзия және Нидерландыда қызмет еткен. Ол Shell компаниясында операциялық активтерге және ірі капиталдық жобаларға қатысты негізгі басқарушы лауазымдарда жұмыс істеді. Ол Royal Dutch Shell тобы деңгейінде техникалық бағыттарды басқару, операциялық менеджмент, экономика және бизнес-жоспарлау, сондай-ақ, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде ұтымды шешімдер шығарған.
2018 жылдан 2021 жылға дейін Эдвин Блом Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг (КПО) бас директоры қызметінде болды. Компанияда ол Karachaganak GasDebottlenecking жобасын сәтті жүзеге асыруға үлес қосып, COVID-19 пандемиясы кезінде компанияны басқаруда маңызды рөл атқарды.
Эдвин Бломның тағайындалуы "QazaqGaz" ҰК" АҚ – ға Қазақстанда және одантыс жерлерде газ өндіруден бастап, қайта өңдеуге дейінгі күрделі жобаларды іске асырудағы өз ұстанымын күшейтуге мүмкіндік береді.