Мемлекет басшысының газдың ресурстық базасын арттыру тапсырмасы аясында “QazaqGaz” ҰК” АҚ стратегиялық серіктесі - “КОР” Мұнай компаниясы” АҚ бірлесіп, Ақтөбе облысындағы Шалқар учаскесінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға келісім-шартқа отырды. Құжатқа ҚР энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының Геологиялық барлау және перспективалық жобалар бойынша орынбасары Ұлан Бүркітов және «КОР» Мұнай компаниясы» бас директоры Дәулет Ұзақов қол қойды. Құжат жетілдірілген келісім-шарт түрінде жасалған. Оның аясында өндіріс сатысында преференциялар қарастырылған. Өз кезегінде, бұл газ жобаларын экономикалық тұрғыдан тиімді етіп, елімізде газ қорын ұлғайтуда стратегиялық маңызды болып саналады.
Бұл келісім-шарт QazaqGaz-дың ұлттық компания мәртебесін алғаннан кейінгі көмірсутектер саласындағы алғашқы геологиялық барлау жобасы болып табылады. Келісім-шарт бойынша жұмыс бағдарламасының бастапқы кезеңі шеңберінде 2025 жылы барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарлануда.
Айта кету керек, КОР отандық мұнай компаниясы. Жер қойнауын пайдалану саласында 25 жылдық тәжірибесі бар.
QazaqGaz отандық және шетелдік серіктестермен барлық жобалар бойынша ынтымақтастыққа ашық.