Мұнай-газ саласы қызметкерлері арасындағы халықаралық конкурстық іріктеудің нәтижесінде QazaqGaz қызметкерлері Baker Hughes университетінде (Италия) оқуға мүмкіндік алды.
Байқаудың екі сатысынан кейін компаниялар тобының екі қызметкері іріктелініп алынды.
Байқау қорытындысы бойынша «QazaqGaz Барлау және өндіру» ЖШС бас директорының экономика қаржы бойынша орынбасары Дархан Қалменов «Senior Leader» бағдарламасы бойынша 22 қаңтар-1 ақпан аралығында оқудан өтеді, ал «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС өндірістік-техникалық департаменті директорының орынбасары Салават Агишев «Next Leader Program» бағдарламасының курсын ақпан мамыр айлары аралығында оқиды.
«Білім беру саласындағы ынтымақтастық Baker Hughes компаниясымен қарым-қатынасымызды нығайтады. Осының арқасында QazaqGaz компаниялар тобының қызметкерлері шетелде оқып, біліктіліктерін арттырып, озық халықаралық тәжірибелермен танысып, өндіріске енгізе алады. Қараша айында конкурсқа қатысуға өтінімдерді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «QazaqGaz Барлау және өндіру» ЖШС, «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС және т.б. қызметкерлері жіберді», - деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ аппарат басшысы Дидар Сағымбеков.
«QazaqGaz» ҒТО компаниялар тобы арасында ішкі іріктеуді бастап, тиісті құзыреттері мен қажетті жұмыс тәжірибесі бар 13 үміткердің қысқа тізімін жасады. Алынған түйіндемелердің негізінде және Baker Hughes университетінің талаптарына сәйкес, Флоренция университеті ұйымдастырған байқаудың екінші кезеңіне алты үміткердің тізімі жасалды», - деп атап өтті «QazaqGaz ҒТО» ЖШС бас директоры Мейір Шералы.
Baker Hughes University директоры Барбара Дель Саланың айтуынша, QazaqGaz-дың Baker Hughes университетіне қызығушылығы екі компания арасындағы сенім мен тығыз ынтымақтастықты көрсетеді. Baker Hughes университеті өз клиенттерінің компанияларындағы қазіргі және болашақ көшбасшылардың дамуына үлес қосатынын мақтан тұтады. QazaqGaz өкілдерін Флоренцияда қарсы алып, олардың өсуіне және қажетті байланыс орнатуына көмектесеміз. Біз бірлесіп, энергетика саласын алға жылжыта алатынымызға нық сенеміз және дәл осы жерде университет диалог пен өмір бойы білім алуды ілгерілету үшін өзінің әлеуетін көрсетеді», - деді Дел Сала.
«Baker Hughes» компаниясының ТМД және Каспий маңы елдері бойынша аймақтық директоры Михаил Добронравов өз сөзінде Baker Hughes университетінің оқыту бағдарламасы үлкен сұранысқа ие екенін және жыл сайын әлемнің әртүрлі компаниялары мен елдерінен түрлі тәжірибесі бар жүзден астам мамандар келетінін атап өтті. Университет бағдарламаларына қатысу үшін мамандар мұқият таңдап алынады.
«Құрылғаннан бері мұнай-газ саласында ондаған қазақстандық мамандар дайындалды. Әрі болашақта кәсіби мамандарды көбірек дайындаймыз деп сенеміз. Бұл мәселе 18 қаңтарда Италияда QazaqGaz ғылыми-техникалық орталығымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланып отырған жағдайда өзекті болып отыр. Осы келісімнің арқасында біз QazaqGaz компаниялар тобының инженерлік қызметкерлерін басқа бағдарламалар бойынша оқытуды жалғастыра аламыз», - деп қорытындылады Добронравов.
Baker Hughes University 2005 жылы құрылған. Университеттің басты мақсаты – білім алмасуға негізделген жаһандық, көп мәдениетті желінің бір бөлігі болу мүмкіндігін ұсына отырып, энергетика саласындағы көшбасшыларды дамыту.
Оқу орны Флоренциядағы (Италия) Baker Hughes Florence оқу орталығында орналасқан, конгресстер мен тренингтер өткізілетін орын.