«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен CNPC Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулян серіктестік орнату туралы келісімге келді. Құжатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында қол қойылды.
Аталған келісім аясында тараптар табиғи газды жеткізу, геологиялық барлау саласында екіжақты тиімді серіктестік орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құжат «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші тармағының құрылысын бастауға негіз болады.
Тараптар QazaqGazдың ресурстық базасы мен газ құбырларының өткізу қабілетін негізге алып, табиғи газды сатып алу-сату шартына қол қоюға ниетті. Сонымен қатар, компаниялар Қазақстандағы перспективалық жер қойнауы учаскелерінде геологиялық барлау жүргізу бойынша ынтымақтастық ортануды қарастырады.
Сондай-ақ компаниялар газ саласындағы технологиялық инновацияларды дамыту бойынша ғылыми-техникалық және зерттеу орталықтары арасында тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.