«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен UCC Holding төрағасы Мохамед Мутаз Аль-Хаят бірнеше келісімге келді. Құжаттарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катарға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол қойылды. Аталған келісімдер еліміздің газ саласын дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға ықпал етеді.
Келісімдердің бірі «КС-14» компрессорлық станциясы және Ақтөбе, Қостанай облыстарындағы «КС-14 – Қостанай» магистральды газ құбырының құрылысына инвестиция тартуды көздейді. Бұл өңірлерді газдандыру, Қостанай облысында ірі жобаларды жүзеге асыру бағытында қолға алынған стратегиялық маңызды жоба.
Сонымен қатар, тараптар еліміздің оңтүстігі мен орталығы үшін маңызды нысан, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының екінші тармағын салу бойынша келісімге келді.
Бұдан басқа, Қашағанда газ өңдеу зауыттарын салу бойынша екі келісім жасалды. Зауыттардың құрылысы елімізде тауарлық газ ресурсының артуына ықпал етеді.