Satbayev Университетінде болашақ газ мамандары үшін арнайы аудитория ашылды. Іс-шараға «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов, Университет ректоры Мейрам Бегентаев, сонымен қатар, «QazaqGaz» компаниялар тобының бағынысты және еншілес компаниясы басшылары қатысты. Жиын барысында Қ.И.Сәтпаевтің ескерткішіне гүл қою салтанатты шарасы өтті.
«QazaqGaz ұлттық компания ретінде өз жұмысын ғылыми қызметпен байланыстыруға шешім қабылдаған мамандар мен жас ғалымдарды қолдайды. Біздің міндетіміз – ғылымды, инновация мен өндірісті ықпалдастыру. QazaqGaz өз жұмысында профессорлардың, оқытушылар мен мамандардың жаңа технологиялық әзірлемелерін қолданады, сондай-ақ газ саласындағы қазақстандық ғылымды коммерцияландыруды көздейді», - деді Санжар Жаркешов.
Жалпы ауданы 200 шаршы метрді құрайтын аудитория «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен Satbayev университеті арасындағы газ саласы үшін кадрларды даярлау туралы меморандум аясында жабдықталған. «Азиялық Газ құбыры» ЖШС және “Бейнеу-Шымкент газ құбыры” ЖШС арнайы аудиторияны жабдықтауда қолдау білдірді.
«Бүгінде біздің студенттер нақты өндірістік процестерге барынша жақын жағдайда практикалық дағдыларды дамыта алады. Бұл біздің «QazaqGaz» компаниясымен мұнай-газ секторын дамыту үшін ғалымдар мен өндірушілердің күш-жігерін біріктіруге бағытталған жан-жақты ынтымақтастығымыздың нақты көрінісі, – деді Satbayev Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.
Аудитория заманауи жабдықтармен жабдықталған және төрт блоктан тұрады: екі оқу кабинеті, бір дәріс сыныбы және бір практикалық кабинет. Бұдан басқа, компьютерлер Honeywell компаниясымен ынтымақтастық аясында газ саласындағы жобаларды дамыту үшін Honeywell UniSim Design бағдарламалық жасақтамасымен жабдықталған.
Сондай-ақ, көрнекі залда «Компрессорлық станция» VR зертханасы орнатылған. Зертхана студенттерге технологиялық процестерді және қауіпсіздік техникасын зерделеуге мүмкіндік береді. Қолданылатын 180 градустық бейнетехника нақты жұмыс орнына бару қажеттілігінсіз өзіңізді өндіріс процесінде тұрғандай сездіреді, бұл болашақта тренингтер өткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
«QazaqGaz» компаниялар тобының студенттері мен қызметкерлері аудиторияны біліктілікті арттыру курстарын, ғылыми-зерттеу қызметін өткізу және оқу процесін ұйымдастыру үшін пайдаланатын болады.
Іс-шара соңында Санжар Жаркешов «QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес және бағынысты компаниялардың жас қызметкерлерімен және студенттермен кездесу өткізді. Интерактивті дәріс аясында «QazaqGaz» басшысы сұрақтарға жауап беріп, болашақ мамандарға арналған кеңестермен бөлісті.